Достық–Мойынты, Бақты–Аягөз, Дарбаза–Мақтаарал желілері және Алматы маңы айналма жолын салу жоспарланған. |
Бұл туралы Caravan.kz медиа портал Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Премьер-министр Әлихан Смайылов еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңесте жүк тасымалындағы кедергілерді жою бойынша пәрменді шаралар әзірлеуді тапсырды, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, биылғы 10 айда жүк тасымалдау көлемі 246 млн тоннаны құрады, бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,3%-ға артық. Жыл соңына дейін 300 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.
"Алдағы жылдары 1300 шақырымнан астам теміржол салу жоспарланған, ол еліміздің транзиттік әлеуетін едәуір арттырады. Атап айтқанда, бұл – Достық–Мойынты, Бақты–Аягөз, Дарбаза–Мақтаарал желілері және Алматы маңы айналма жолы", — деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар қолданыстағы теміржолдарды жөндеу, жаңа локомотивтер мен вагондар сатып алу, стансалар мен вокзал кешендерін жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.
Премьер-министр "ҚТЖ" ҰК" АҚ отандық тауар өндірушілер тарапынан келіп түскен барлық шағымды жедел талдап, Көлік министрлігімен бірлесе отырып, жүк тасымалы кезіндегі кедергілерді жою жөніндегі пәрменді шаралар әзірлеу қажеттігін атап өтті.