"Өз ағзамды донорлыққа пайдалануға рұқсат етем": Танымал журналист күтпеген мәлімдеме жасады

Белгілі журналист, тележүргізуші Ерқанат Көпжасар қайтыс болғаннан соң өз ағзасын донорлыққа пайдалануға рұқсат беретінін мәлімдеді.

Журналист мұндай шешім қабылдауына не әсер еткенін әлеуметтік желіге жариялаған видеода түсіндірді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

"Егер мен алда жалда ана дүниеге аттанып кетсем, өзімнің ішкі ағзаларымды бауыр, бүйрек, жүрегімді донорлыққа пайдалануға рұқсат етемін. Бұл — менің шын сөзім. Әлбетте кейбіреулер мәселенің байыбына бармай, байбалам салуы мүмкін, ашуланып, аптығуы да мүмкін. Алдымен, мына сандарға назар аударайық. Дәл қазір 4000 өзіміздің қазақстандық бауырластарымыз, қандастарымыз, азаматымыз донорлыққа зәру кезекте тұр. Былтыр осы кезегіне жете алмай 320 азаматымыз көз жұмды. Біреулер айтуы мүмкін "Бұған дін бойынша тыйым салынған ғой", деп. Ал осы ислам дінінде "Бір адамды құтқарсаңыз, бүкіл адамзатты құтқарғаныңызбен бірдей" делінген", — дейді журналист.

Аталмыш видеоға қатысты желі қолданушалырының пікірі қақ жарылды. Бірі тележүргізушімен келісетінін айтса, екінші топ ағзаны донорлыққа беру дінде рұқсат етілмегенін айтуда.

"Мен келісер едім, бірақ мына жемқорлық жайлаған медицинаға сенбеймін", "Алланың берген денесімен кеткен дұрыс", "Бұл біреудің бизнесі болып кетпей ме", "Қолдаймын", "Шариғат рұқсат берсе келісемін", "Дін жағынан ағзаны беру дұрыс емес", — деп жазды олар.