Абай облысында өткен жылы 364 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

Бұл туралы облыстық құрылыс басқармасында айтты.

Абай облысында тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіштер айтарлықтай жақсарған. Жүздеген отбасы баспана мәселесін шеше алды.

Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында жалға берілетін 79,5 мың шаршы метр тұрғын үй сатып алынды. Бұл дегеніміз 1 070 пәтер. 2024 жылы кезекте тұрған 848 адам баспанамен қамтамасыз етілді, олардың арасында жетім балалар, халықтың әлеуметтік осал топтары, көпбалалы отбасылар, мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлер, сонымен қатар, апатты үйде тұрған азаматтар.

Несиелік баспанаға келер болсақ, облыс бойынша 2024 жылы 14 жаңа көпқабатты үйдің құрылысы басталды, олардың жалпы ауданы 54,6 мың шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар, алдағы уақытта тағы 6 көпқабатты үйдің құрылысы басталады. Бұл жобалар көптеген отбасыларға тиімді шарттармен баспана сатып алуға мүмкіндік береді. Семей және Аягөз қалалары құрылыс жұмыстарында белсенді аймақтар ретінде белгіленген.

"Биыл да несиелік тұрғын үй құрылысын белсенді түрде жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Көпқабатты үйлер де, жеке үйлер де салынады. Қазіргі уақытта Семей және Аягөз қалаларында жалпы ауданы 54,6 мың шаршы метрді құрайтын 14 жаңа үйдің құрылысы жүргізілуде. Алда тағы көпқабатты 6 үйдің құрылыс жұмыстары басталады", –деп атап өтті Абай облысы құрылыс басқармасының басшысы Шыңғыс Риаханов.

Дегенмен, өңірде тұрғын үйге сұраныс әлі де жоғары. Мысалы, бүгінгі күні мемлекет берілетін баспанаға кезекте 19 850 адам тұр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 365 адамға артық.

Биыл республикалық бюджеттен 149 жалдамалы пәтер сатып алуға 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Алайда өңірде қосымша 1 092 жалдамалы пәтерге қажеттілік сақталуда.

Сурет: Абай облысы құрылыс басқармасының баспасөз қызметі