Жастар арасында Qanay лақап атымен танылған Нұрболат Қанай алғаш рет отбасы туралы айтты. |
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Ұйқым келмейді” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Әнші отбасына үш ағайынды болған.
"Лолли” деген әнімді Алимен бірге айтамын ғой, сол жігіт менің ініммен жасты екен. 2003 жылғы. Менен 10 жасқа кіші. Ол қайтқан жылы мен 17 жаста болдым. Дияр деген інімнің көзі тірі болғанда дәу жігіт болар еді. 7 жасында ақ қан дертіне шалдығып, өмірден озып кетті. Оның еміне ақша жинап жүрдім. Ол кезде мешіт қасындағы намазханада тұрамын. Миск, жайнамаз, кітап сатып жүрген кезім еді. Айына 15-20 мың теңге алатынмын. Өзімше осылай қолдау көрсеткім келген. Қатерлі ісікпен ауыртындарға қалай көмектесуге болатынын зерттеп жүрген кезім. Сол кезде білгенім, оларды өмір сүруге жігерлендіру керек екен. Өмірдің құнды екенін айтып, ауруды жеңуге болатынына сендіру керек. Мен оны білмедім. Олардың 70-80 пайызы жігерлендірудің арқасында жазылып кетеді екен. Мен де ініме шабыт беріп, көмектесем деп жүргенде, ол дүниеден өтіп кетті. Сол кезде жинаған ақшамды суға ағызып жібердім. Бір бума ақша жиналған болатын. Қатерлі ісікті емдеу өте қымбат тұрады екен. Ол кезде біздің ақшамыз болмады. Ішетін дәрілері де қымбат болды. Ең үлкен өкініш інімізді аурудан арашалап қала алмағанымыз. Ол тірі болғанда тұрмысымыз бен қазіргі өмір сүруіміз басқаша болар еді деп ойлаймын, – дейді әнші.
Сондай-ақ Нұрболат қандай отбасында тәрбиеленгенін де айтып өтті. Інісінің қазасынан кейін қайырымдылық концерт беруді де жөн көргенін жасырмады.
“Бізді әке-шешеміз бақылауда ұстап, тәрбиелеген емес. Өзімізден өзіміз өстік. Ағам екеуміз ерте есейдік. Ол кезде әкем 2-3 айлап жұмысқа кетеді. Анамызға көмектесу үшін тиын-тебен табудың жолын іздеуші едік. Табылған жұмысты істеп өстік”, – дейді өнер иесі. Бауырым қайтқаннан кейін жылына 2 рет қайырымдылық кешін беруді жөн көрдім. Сол інімнің аруағына арнап, ауырып жатқан балалардың көңілін көтергім келеді. Мұратбек деген директорыма кез келген облысқа барып концерт беремін, тек жол шығынымды төлесе болды. Тегін концерт қойып, балаларға қуаныш сыйлағым келетінін айтқан болатынмын. Сол жоспар іске асып, қайырымдылық концертін беремін”, – дейді әнші.