Қазақтың сайын даласында адамдар жапа тармағай жиналып, бірігіп қандай да бір мәселені шешуге қол ұшын созатын Асар деген дәстүр кездеседі. Осы жолы да, яғни наурыз айында басталған көктемгі алапат су тасқыны Қазақстан халқын бір арнаға тоғыстырды. Табиғат апатынан зардап шеккен жандарға дүйім жұрт көмек қолын соза бастады. Алайда, ел тұрғындары мен компаниялар қалталарынан жырып беретін қорлардың іс-әрекеті ашық емес дейді етене халық. Бұл жерде бір гәп жатқан тәрізді. Exclusive.kz осы мәселені зерттеп көруді жөн санады.
Күні кеше ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен Солтүстік Қазақстан облысының халқымен кездесу өткізіп, үкімет мұқтаж жандарды қиындықта қалдырмайды деп уәде берген-ді.
– Қазірдің өзінде 10 АЕК, яғни 369 мың теңге көлеміндегі біржолғы жәрдемақы төлемдері жүргізіле басталды…Үйсіз қалғандар жандарға мемлекеттен көмек көрсетілетін болады – жаңа үй саламыз. Қайта жаңғыртуға жататын үйлер де жөнделеді, деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Премьер-министрдің орынбасары, Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқынының зардаптарын жою жөніндегі республикалық штаб басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев «Қазақстан халқына» қоры табиғи апаттан зардап шеккен қазақстандықтар үшін 400-500 үй салуды бастауға қазірдің өзінде дайын екенін жеткізді.
Сондай-ақ ол азаматтарға әлеуметтік желілерде зардап шеккендерге көмек көрсету үшін ақша жинау жөнінде хабарламалардың көптеп таралып жатқанын мәлімдеді. Сол себепті де, гуманитарлық көмек жүктерінің бүгінде әр қалада жүргізілп жатқанына қарамастан, барлығына бірдей сене бермеу керек екенін де жеткізді.
Ресми түрде жұмыс істейтін және әкімдіктер де, жергілікті белсенділер қауымдастығы да бақылап отыратын аймақтық қайырымдылық қорлары бар. Республикалық деңгейде Қазақстанда 2 қор жұмыс жасайды, бірі – «Демеу Қазақстан Қоры» корпоративтік қоры және «Қазақстан халқына» қоры», – деп түсіндірді Бозымбаев.
Оның айтуынша, аймақтарға жіберілетін, Қазақстаннан немесе ірі компаниялардан келіп түспейтін гуманитарлық жүктерді Төтенше жағдайлар министрлігі үйлестіретін көрінеді және ол қоғамдық бақылауда болуы керек дейді.
Қандай қорлар?
Қысқаша еске сала кетсек, Президент 2022 жылғы 11 қаңтарда денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау салаларындағы мәселелерді шешу мақсатында «Қазақстан халқы» қоғамдық әлеуметтік қорын құру туралы тапсырма берген болатын. Оның қызметіне ешкімнің күмән келтірмейтіні сөзсіз. Қор сайтынан қайырымдылық көмек жөнінде есеп-қисаптармен танысуға болады, қайда және қанша қаражат жұмсалғаны жазылған.
Қор – қызметтің ашықтығы мен айқындылығы қағидаттарын ұстанады. «Есеп беру» тарауында сіз қордың есептерімен, жасалған келісімдерімен және меморандумдарымен таныса аласыз.
Қор донорлар мен қайырымдылық сомалары туралы егжей-тегжейлі есеп, сондай-ақ құрылыс барысы туралы ақпарат сайтта жарияланатынын болады деп мәлімдеп отыр.
Ал, қоғамда «Демеу Қазақстан Қоры» қорына қатысты, кәсіпкерлер ақша аударғанымен оның нәтижесі, яғни ақша қаражаты түсті ме, жоқ па? осы тектес мәселелер жөнінде түсініксіз сипаттағы қауесеттер пайда бола бастады. Мұндай қауесеттерге сенуге бола ма? Әрине, ол әркімнің еншісіндегі мәселе, алайда аталмыш қор жайында білу соншалықты қызықтырақ болып тұрғаны шындық. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне қарағанда қорда 6-10 қызметкер жұмыс істейтін көрінеді, жеке шағын кәсіпорын ретінде көрсетілген.
Қор Астана қаласында тіркелген. Контрагенттердің сенімділігін тексеру жөніндегі «Бизнес-аналитик» қызметінің мәліметтеріне сәйкес, «Өзге топтарға кірмейтін басқа жеке қызметтерді көрсету» бағанында оның қызмет түрлері көрсетілген. «Демеу Қазақстан Қорының» филиалдары мен байланыстары арасында «Астана – 20» Мемлекеттік қоры мен «Астана Даму» Даму Қоры» Корпоративтік қоры бар.
Бір қызығы, statsnet.co порталында «Демеу Қазақстан Коры» компаниясының салық шегерімдері мен қаржысы туралы ешбір ақпарат жоқ, бірақ қордың 2023 жылы тіркелгені мәлімделген.
Тексерілді: Мемлекеттік кіріс комитеті:төленген салық мөлшері– 06.03.2024
«Демеу Қазақстан Қоры» тек 2024 жылы ғана – 47 мың теңгеден сәл астам салық төлей бастаған екен.
statsnet.co сайтының хабарлауынша, қордың құрылтайшысы «Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы» мемлекеттік мекемесі.
Аталмыш жеке қордың басшысы – Ерболат Садырбаев. Қызығушылық тудыратын тұлға. Желідегі жарияланымдарға қарағанда, Садырбаев жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқаруды дамытуға маманданған тұлға, философия ғылымдарының докторы (PhD), 2016 жылы Республика Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында оқып жүрген кезде әкімдерге ауылдық деңгейдегі бюджеттердің кіріс көздерін дербес қалыптастыру құқығын беруді ұсынған-ды.
Қысқасы, бұл идея бізге жаңалық емес, бұрын да талқыланған-ды, 2017 жылы БАҚ-ы ауыл әкімдеріне бюджетті және коммуналдық меншікті басқаруды үйрететін болады деп жазған болатын, ал мәжіліс депутаттары «Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі кебір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын тіпті қатаң сынға алған еді.
Біз қордың сайттарын қарап, тексеріп шықтық. Бір қызығы, statsnet.co сайтынан басқа барлық контрагентті тексеру қызметтерінде мұндай ақпарат мүлдем жоқтың қасы. Міне, бізді осы тұста тосын сый күтіп тұрған еді. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасының сайты жұмыс істеп тұрса да, аталған ресурста қор туралы ақпарат жоқ.
statsnet.co сайтында көрсетілген екінші ресурстан да көңіліміз сап тыйылды. Сайт мүлдем қолжетімсіз.
Бізді қызықтырған мәселе туралы өзге ақпарат алу мүмкін болмады. Мұндай жәйттің бізді біраз таңғалдырғаны рас. Әрине, салық туралы ақпаратты қордың енді ғана жұмыс жасай бастауымен және жоғарыда айтып өткеніміздей өткен жылы ғана ашылғанымен түсіндіруге болатын шығар. Алайда аталған ұйымның ұшы-қиырын іздеп-табу қиын шаруа болып отырғаны белгілі, бұл дегеніңіз ұйымның бұлыңғыр, көлеңкелі тұстарын көп деген сөз. Ұзын сөздің қысқасы қор, жеке қор ретінде жұмыс істейді және бұл бізге көп нәрсені аңғартып отыр. Алайда мәселеге екінші жағынан үңілетін болсақ, көпшілік, сондай-ақ компаниялар зардап шеккен жандарға көмектесу үшін қорға қаражат аударып отыр ғой, сондықтан ақша қаражатының қайда кетіп жатқанын білуге олар толық құқылы.
2023 жылғы 2 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қоғамдық бақылау туралы» заңға қол қойғанын естеріңізге сала кетейік. Заңның негізгі мақсаттарының бірі республика азаматтарының қоғамдық объектілердің қызметіне сенім деңгейін арттыру болып табылады. Күні кеше Бозымбаев та гуманитарлық көмектің барлық түсімдері бақылауда болуы керектігін растады. Осы айтылғандардан гуманитарлық көмек алатын қорлар жекеменшік болса да, олардың қызметі ашық болуы керек және қаражаттың қалай бөлінетінін, қайда және қалай жұмсалатынын білгісі келетін жандарға қолжетімді болуы тиіс деген қорытындыға келіп отырмыз.