300-ге жуық адамнан тұратын Абай облысының делегациясы жұмысшы мамандықтар фестиваліне қатысады

Абай облысының колледждері жұмысшы мамандықтар фестивалінде төрт сала бойынша қатысуда.

Ауқымды шараға Абай облысынан төрт колледж қатысып, өздерінің білім беру жетістіктері мен заманауи оқу бағыттарын таныстырады . Фестивальдің ресми ашылуын ҚР Оқу-ағарту министрі өткізді. Іс-шара 15 бағыт бойынша түрлі көрмелерді қамтиды.

Геологиялық барлау колледжі "Геологтар үйі" мен "Гидрогеологтар үйінде" өз жұмыстарын көрсетеді. "Геологтар үйі" ERG компаниялар тобымен бірлесіп ұйымдастырылған.

Мұнда қатысушылар тау жыныстары мен минералдардың үлгілерімен танысып, олардың құрамындағы пайдалы қазбалар жайлы ақпарат ала алады. Ал "Гидрогеологтар үйінде" жерасты суларының қалыптасуы мен зерттеу әдістері ұсынылады.

Р. Байсейітов атындағы қаржы-экономикалық колледжі "Болашақ мамандықтар" көшесінде орналасқан "Бағдарламашылар үйін" ұсынады, заманауи интерактивті жабдықтар мен құрылғыларды көрсетеді.

Әлеуметтік серіктестер қатарында ТОО "Oner 3D" және АО "NITEK" бар. Көрмеде желілік құрылғылар, оптикалық талшықты дәнекерлеу құралдары мен 3D принтерлер секілді заманауи технологиялар таныстырылады.

Электротехника колледжі "Энергетиктер мен Мұнайшылар көшесінде" орналасқан Атом әлемі үйінде жұмыс істеп жатыр.

Колледж ұжымы "Kazatomprom" ұлттық атом компаниясымен бірлесіп, мектеп оқушылары мен студенттерге кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізеді.

Геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжі Қазақстандағы осы сала бойынша жалғыз мамандандырылған оқу орны ретінде өз тәжірибесін бөліседі.

Колледж "Аэрофотогеодезия" бағыты бойынша жер бетінің карталарын жасауға арналған заманауи технологияларды көрсетеді. Сондай-ақ дрондар, ұшақтар мен спутниктерден алынған суреттерді өңдеу арқылы жердің дәл координаталық мәліметтерін анықтау әдістері таныстырылады.

13-14 ақпан күндері Абай облысынан 300-ге жуық делегация фестивальға қатысады. Делегация құрамында облыс әкімінің орынбасары, білім басқармасы өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары, әлеуметтік серіктестер, мектеп директорлары мен студенттер бар.

Сурет: Абай облысы ББ баспасөз қызметі