Оқиға орнында полицейлер мен саперлер жұмыс істеді.
Алдын ала деректер бойынша, 70 жастағы жергілікті тұрғын темір затты байқап, ол сыртқы пішіні бойынша снарядқа ұқсас болғандықтан, дереу "102" арнасына хабарласқан.
"Оқиға орнына полиция қызметкерлері, ІІМ арнайы бөлімдерінің саперлері және ТЖД мамандары жедел жетті. Зерттеу нәтижесінде табылған заттың қауіп төндірмейтіні анықталды: бұл пайдаланылған кассеталық мина болып шықты, ол жарылыс қаупін тудырмайды", — делінген хабарламада.
Азаматтардың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп жоқ. Акт бойынша зат "Восток" РКҚ бөлімшесіне кәдеге жарату үшін тапсырылды.
Абай облысының полиция департаменті азаматтарға ескертеді: күдікті заттарды көрген жағдайда дереу "102" нөміріне қоңырау шалу қажет.
Сурет: Абай облысы ПД баспасөз қызметі