Қаржы пирамидасын құру және басқару бойынша «Sterling Invest» ЖШС басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеуді ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті жүргізіп жатыр.
Аталған ЖШС құрылыс материалдарын сатып алу үшін салымшылардың қаражатын тартып, 20%-дан 40%-ға дейінгі мөлшерінде сыйақы беруді уәде етіп, заңсыз әрекеттерді жүзеге асырғаны анықталды.
Инвестицияның ең төменгі сомасы – 200 000 теңге. Төлемдер келісім шарттарына сәйкес 15 күннен 35 күнге дейінгі мерзімде жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, «MegaSnabGroup.KZ» және «Азия Сталь Казахстан» ЖШС еншілес кәсіпорындары анықталып, олар да сыйақылардың үлкен пайызын уәде ете отырып, құрылыс материалдарын сату және инвесторлардың қаражатын тарту бойынша ойдан шығарылған қызметпен айналысады.
Сонымен қатар, компаниялар әрбір әкелінген инвестор үшін инвестиция сомасының 5%-дан 10%-ға дейінгі мөлшерінде қосымша табыс алуға уәде береді.
Сот бұл қаржылық пирамиданы ұйымдастырушыға «үй қамауы» түріндегі бұлтартпау шарасы ретінде санкция берді.
Қазіргі уақытта 80-нен астам адам жәбірленуші ретінде танылып, оларға жалпы сомасы 250 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірілген.
ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.
Сурет: ашық дереккөздерден