Белгілі әнші Мархаба Сәби жастардың арасында танымал өнер иесі Мирас Жүгінісовке 70 мың теңгеге ән жазғанын мәлімдеді. |
Бұл туралы ол Instagram әлеуметтік желісінде жариялаған видеода айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"Қайырлы күн! Сіздермен Мархаба Сәби. Бүгін мен Мирас Жүгінісовке, жалпы Жүгінісов отбасына деген ренішімді, көңілімнің қалғанын айтқым келіп отыр. Осыған дейін үндемей келдім. Бірақ, біраз миға қонбайтын нәрселер жасап жатыр. Сондықтан айтып беруге тура келіп отыр. Біз Мирас Жүгінісовпен Мұрат Қабылов дейтін тамаша композитор бала үшеуміз 2018-2019 жылдары Мирастың алғашқы шығармашылығының бастамасын бірге бастағанбыз. Мұрат Қабылов әнін жазады, мен сөзін жазамын. Алғашқы әндерін білетін шығарсыздар, "Мың есе", "Сүйем" әндері бар, көп жұмыс жасалды, өте сәтті жұмыс жасалды. Сол кезде мәтінді 70 мың теңгеге жазатынмын. Бірақ ол кезде ақша үшін жасаған жоқпын, мен Мұраттың әндерін ұнаттым. Сол бір кезге дейін жақсы жұмыс жасадық. Бірақ, сол әндер жақсы тарап, атақ келе бастағаннан кейін Мирастан мен өзгерістер байқадым, көкірегін көрдім, өзіме ұнамайтын мінезін байқағаннан кейін осы жерден тоқтата қояйық, мен саған мәтін жазбаймын деп шештім. Бірақ, осыған дейін жасаған жұмыстарды айта бер, орындай бер себебі, халыққа таралып кетті. Мен қызғаншақ адам емеспін, орындай бер, қызығын көре ғой деп рұқсатымды бердім. Біраз уақыттан кейін Мұраттың өзі хабарласты. Мен өз шығармашылығымды қолға алайын деп едім, осындай жаңа әндер бар еді, маған жазып бересің ба деді. Өзің айтатын болсаң, жарайды жазып берейін, бірақ Мирасқа емес деп "Сен туралы" және "Уақыт" деген кеңінен танылған әндерді жазып бердім. Бұл әндерді мен Мұрат Қабыловтың өзіне жазып берген болатынмын. Бірақ неге екенін білмеймін бұл әндерді Мирас айтып шықты. Менің рұқсатымсыз, ескертусіз өздері жариялап шығарды. Оның үстіне жәй ғана жарияламай, авторлары еш жерде белгіленбеген. Авторлар туралы ақпарат жоқ, ешкім білмейді. Мирастың өзі шығарған сияқты жариялаған. Енді бұл не нәрсе, не деген құрметсіздік. Мен түсіне алмадым. Менің бұл әңгімені қозғап отырғаным, кеше "Қазақстан дауысы" жобасында Мирастың інісі "Уақыт" әнін орындап шықты. Композиторы Мұрат Қабылов жазылған, сөзін жазған деп басқа адамды белгілеп қойыпты. Мен өз атымды таба алмадым. Жалпы бұл жағдайды түсіне алмадым. "Уақыт" мен үшін қымбат ән, мәтін. Өзім ұнатып, жақсы көріп жаздым. 2019 еліміз үшін де өте қиын кезең болды, карантиннің алды болатын. Мұндай тақырыпты, уақыттың қадірін, өмірді сүрген, қиындық көрген, санасы толысқан адам, жалпы білімді адам ғана меніңше түсініп, жаза алады. Ал, бұл жас балаларға қазір атақ қызық, рекке шығу қызық, ақша қызық. Мұндай әндердің бұлар қайдан қадірін білсін, қайдан шығарсын. Мынандай құрметсіздік жасап отыр. Шынымды айтсам өте көңілім қалды. Аузынан сүті кеппеген бала деп айтады ғой, жаңағы шала піскен. Мен мысалы, Роза Рымбаева ханымға ән жазып бергем. Ол кісі үлкен басымен әр концертінде композиторлардың, ақындардың атын атап, құрметін білдіріп жатады. Меніңше, бұл адамның ішкі мәдениетінің биіктігі, білімділігі, сана-сезімінің жоғарылығы деп есептеймін. Ал, бұл нәрсе Жүгінісовтердің бұл ісі өте өкінішті жағдай", — деді Мархаба Сәби.