Жаңа салықтық өзгерістер тұрғын үй бағасына қалай әсер етеді

Қазақстанда тұрғын үйдің күрт қымбаттауына жол берілмейді. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды LS.

Үкімет басшысы құрылыс саласындағы салықтық өзгерістерге бірқатар жеңілдік қарастырылғанын атап өтті. Сонымен қатар, жүргізілген талдау нәтижесінде кейбір құрылыс компаниялары баға белгілеуде ҚҚС-тан босатылғанын есепке алмай, артық пайда тапқаны белгілі болған.

"Сондықтан жаңа Салық кодексі енгізілген соң тұрғын үй бағасының күрт өсуі күтілмейді. Нарықтағы алыпсатарлық немесе келісілген баға өсіміне жол бермейміз. Заң аясында барлық тетіктер бар", – деді Бектенов.

Айта кетейік, бұған дейін LS редакциясы 2026 жылдан бастап қандай тұрғын үйлер ҚҚС-тан босатылатыны туралы жазған еді.

Ал жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Александр Пак жаңа салық нормалары күшіне енсе, баға 30%-ға дейін өсіп, нарықта дүрбелең болуы ықтимал екенін айтты.

Әсіресе, бұл өзгеріс екінші нарыққа әсер етуі ықтимал. Ал жаңа тұрғын үйлердегі баға сұранысқа байланысты құбылады.