Ақтөбенің іргесіндегі Алға қаласында кеңес дәуірінен қалған химиялық зауыттың орны әлі күнге дейін астаң-кестең шашылып жатыр. Аумағында түсініксіз ұнтақтар әлі күнге кезігеді. Ал, көршілес Қандыағаш тұрғындарын ара-тұра ауада тарайтын өткір иіс мазалайды.
Тарқатып айтар болсақ, кеңес дәуірі ыдырап, Алғадағы ірі химиялық зауыттың жұмысы тоқтап, орнының әлі күнге жиналмауы – қаланың эстетикалық көркін де бұзып тұр, зауыт аумағындағы күмәнді қалдықтардан да тұрғындар қорқады.
Ал, Қандыағашта соңғы бірнеше онжылдық көлемінде «Кентавр» серіктестігі спирт өндірумен айналысады. Экономикалық тұрғыдан мұндай өндіріс нысаны керек шығар, алайда, өткір иіс мәселесін шешуде жергілікті билік ұзақ жылдар бойы енжарлық танытып келеді.
Тұрғындар шеруі – бір мәселені шешті
Алға аумағында небір көздерден иіс тарайтын. Осыған дейін іргесіндегі Бестамақ ауылында шошқа өсіретін ферма жұмыс істеді. Осыдан 3–4 жыл бұрын жергілікті тұрғындар бірнеше рет шеруге шығып, шошқа өсіретін ферма жұмысын тоқтатуға қол жеткізді. Бұл ретте, жағымсыз иістен бөлек белсенділер жануардың харам екенін алға тартты. Сонымен бірге, олар өз әрекетін жақын маңда киелі тарихи орындардың сақталғанымен түсіндірді.
Жағымсыз иіске қатысты 2020 жылы тұрғындардың ұжымдық арызы негізінде облыстық экология департаменті «Парижская коммуна – XXI» ЖШС қызметінде жоспардан тыс тексеру жүргізді. Заң талаптарын орындамағаны үшін мекемеден 1,5 млн тг айыппұл өндірді.
Шошқа өндірісімен айналысқандар айналаға сойылған жануардың қалдықтарын бірнеше рет лақтырып тастаған кездер болған. Іс насырға шапқанда жергілікті құзырлы орындар тексеріп, шошқа өсіретін ферма басшылығына бірнеше ескерту жасап, айыппұл белгілеп, ақырында жабу туралы шешімге келді. Ферма басшылығы біраз қарсылық танытқан, бірақ бәрібір көнуге тура келді.
Алғадағы өзге де иіс көзі
Мәселе шешімін тапқандай болды, алайда, өңірдегі жағымсыз иіс мұнымен сейілмеді. Ескірген кәріз жүйелерінен бөлінетін иіс те жергілікті биліктің бас ауруына айналды. Алға ауданының әкімі Нұрбол Ержановтың айтуынша, иіс тозығы жеткен кәріз құбырларынан тарайды.
«Күнделікті шығып жатқан иіс жоқ. Бізде кейбір құрылғылар жұмыс істемейді. Жобаны әзірлеп жатырмын. Барлығы қаржы көзіне байланысты. Кәріз құбырларын, тозығы жеткен су, жылу желілерін ауыстыру керек. Жетпісінші жылғы құбырлар ғой. Бүгінде бір бөлігі жөнделді. Алдағы 1-2 жылдықта канализация мәселесі болмайды», – деп сендірді Алға ауданының әкімі.
Кеңес дәуірінен қалған иіс
Ал, Алғадағы химиялық зауыт орнын рекультивациялау жұмыстары 2018 жылы жоспарланған болатын. 7–8 млрд теңге шамасында қаражат керектігі де айтылды. Алайда, бұл жұмыстар белгісіз мерзімге тоқтатылған сияқты.
«Экологтар ақшасы дұрыс есептелмеді деп наразылық білдірген соң, құжатқа түзету енгізілетін болды. Арнайы мекеме зерделеп, толық жобасы дайын болған соң, сметасына қаржы бөлінеді. Әзірге, жердің өзі арнайы мекеменің балансында. Зияны жайлы нақты айтылмайды, мәлімет жоқ», – дейді аудан әкімі Нұрбол Ержанов.
Жергілікті әкімдік экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында арнайы жол картасы әзірленгенін хабарлады. Ластаушы заттардың эмиссиясын қысқарту, қалдықтарды басқару, көгалдандыру, су, жер ресурстары бойынша шаралар көзделгенңн жеткізді.
«2024–2025 жылдары бұрынғы С. Киров атындағы Алға химиялық зауытының шлам жинағыштарынан бордың өзенге түсуін болдырмау мақсатында, Елек өзенінің арнасы бойында жерасты экранын салудың техникалық-экономикалық негіздемесін, жұмыс жобасын әзірлеу жоспарланған. 2008 жылы уәкілетті орган кешенді экологиялық зерттеу жүргізген. Зерттеу нәтижесінде, адам өміріне зиян келтіретін элементтердің ұзақ уақыт өтуіне байланысты қалдықтары ғана қалғандығы ескерілген», – деп жауап берді Алға ауданы әкімдігінен.
Көтерілген бастама аяқсыз қалып отыр
2020 жылдың қарашасында сол кездегі экология министрі Мағзұм Мырзағалиев Алға химиялық зауыты аумағындағы зиянды қалдықтарды жою жөнінде атап өткен болатын.
Жергілікті билік органынан хабарлағандай, бағалау бойынша ескі шламжинағышта 151,1 млн тоннадан астам бор өндірісі шламы, жаңа шламжинағышта 11,3 млн тоннадан астам шлам жинақталған. Зауыт алаңында 730,5 мың тоннадан астам өнеркәсіптік және химиялық қалдықтар бар екендігі анықталған.
Белгілі болғандай, 2017 жылы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрігі С.Киров атындағы бұрынғы Алға химия зауытының аумағында орналасқан қауіпті қалдықтарды (химиялық және өнеркәсіптік қалдықтарды, шлам жинағыштардың қалдықтарын) жою жобасын әзірлеген, алайда ол жоба бірқатар себептер бойынша іске асырылмай, жобалық сметалық құжаттама қолданылу мерзімін жоғалтқан.
1936 жылы салынған Алға химиялық зауыты 1996 жылы банкрот деп танылып, жұмысын тоқтатқан. Мыңдаған адамның жұмыссыз қалғаны былай тұрсын, 730 мың токсикалық қалдық қалғаны бар. 2018 жылы химиляқ зауыт қалдықтарын басқа аймақтарға көміп, орнын тазалайды деген хабар тарады. Оған, жергілікті әкімдіктің есебінше, 8 млрд теңге қаражат қажет деп саналды.
Өкінішке қарай, бұл жобаны министрлік бірқатар сот процестерінен кейін тоқтатып қойды.
Қандыағаш: спирт қалдығы зиян ба?
Жергілікті тұрғындар 20 жылға жуық спирт өндірісі цехынан шығатын барда иісімен тыныстап келеді. Тұрғындардың айтуынша, иіс таң мезгілінде ел шырт ұйқыда жатқанда тарайды. Оны өндірістегілер әдейі тарата ма, әлде абайсызда шығып кете ме, ол жағы әлі күнге тек өндіріс орнындағыларға ғана белгілі.
Жергілікті әкімдіктегілер тіс жарып осы күнге дейін ештеңе айтқан емес.
Бұл иіске халық та үйреніп қалған. Өкінішке қарай, оның зияны жөнінде экологтар мен дәрігерлер де мардымды ештеңе айтпады.
Сауалнамаға тартқан Қандыағаш қаласы тұрғындарының бірі осы елді мекенге 18 жыл бұрын көшіп келгенін, соңғы бірнеше жылда қала ішінде жағымсыз иіс тұрақты шығып тұратынын айтады.
«Жазда мүлдем демала алмаймыз. Есік-терезені ашпаймыз. Жазда иіс шығады. Қандыағашқа жаяу қатынаймын (қала жаңа және ескі аудандарға бөлінеді, Қандыағаш деп тұрғындар қаланың ескі бөлігін айтады – авт.). Қалдықтардың иісі шығады. Спирт зауыттың шіріген қалдықтарының иісі», – дейді жергілікті тұрғындар.
2 миллиард теңгенің уәдесі
Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағамбетовтың айтуына қарағанда, спирт өндірісімен айналысатын «Кентавр» ЖШС-пен 2 млрд теңгенің тазарту қондырғысын орнату жөнінде келісім жасалған.
«Компания басшысы заманауи қондырғы орнатып, зиянды заттарды сүзгіден өткізетін болады. Жақын уақытта иіс мәселесі толық шешімін табады», – деп қысқа қайырды аудан басшысы.
Мұғалжар ауданы әкімдігіне (аудан орталығы – Қандыағаш) бірнеше сұранымхат жолдадық:
«Мұғалжар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің кәсіпкерлік секторы меңгерушісі Азамат Жиенбай Қандыағаш қаласында орналасқан «Кентавр» ЖШС-нің өндірісі салдарынан орын алған ауадағы жағымсыз иісті жою мәселесі, сонымен қатар, кәсіпорынға қатысты шара қолдану мәселелері бөлімнің құзыретіне кірмейтіндігін хабарлады.
Ал, Мұғалжар аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Ғайният Асқаров аталған «Кентавр» кәсіпорны бизнес субъектісі болуына байланысты, бюджет қаражаты есебінен шара қолдану немесе жауапкершілікке тарту бөлімнің құзыретіне кірмейтінін жеткізді.
«Бүгінгі таңда қала аумағында жағымсыз иісті жою бойынша бюджеттік сұраныс комиссияға жолданған жоқ», – деп қысқа қайырды ол.
Дегенмен, белгілі болғандай, 2021 жылы Қандығаштағы «Кентавр» ЖШС қызметіне ҚР экологиялық заңнамасының талаптарын сақтау мәселесі бойынша профилактикалық бақылау жүргізілген. «Спирт қоймасы ауданында жергілікті жер бедеріне ластаушы заттардың апаттық төгілуі орын алған және ағынды суларды алдын ала тазартусыз тоған карталарына ағызу нәтижесінде, елді мекенде жағымсыз иістің пайда болуына жол берілген», – делінген ресми жауапта.
«Кентавр» ЖШС қаражаты есебінен 2024–2025 жылдары кәсіпорын қызметі барысында Қандыағаш қаласының атмосфералық ауа сапасына әсерін төмендету, тазарту құрылыстары кешенін салу және барда жинақтағышының учаскесін кейіннен көгалдандыру арқылы рекультивациялау жоспарланған.
Тексеру нәтижелері бойынша 86 млн теңгеге 4 талап берілді. Оның ішінде жалпы сомасы 844 мың теңгеге 2 талап өндірілді, 85 млн теңгеге 2 талап сотпен қаралуда.
Сонымен қатар, Ақтөбе облысы бойынша Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 15.02.2021 ж. №1513-21-00-2/2421 шешімімен тоғанда №3 картаның буландырғышын пайдалану бөлігінде шаруашылық қызметі тоқтатылды.
Барданы тиімді арналарға бұруға болады
Ашық деректерге сүйенсек, барда – жағымсыз иісі мен қышқылдығы бар ашық сары сұйықтық. Қытай асханасында оны теңіз өнімдерін, атап айтқанда краб, асшаяндарды маринадтауға пайдаланады. Азия мен Латын Америкасының кейбір елдерінде тікелей топыраққа енгізу арқылы тыңайтқыш ретінде пайдаланады.
Бір жағынан, барда – қоршаған ортаны ластайтын қалдық, сондықтан су қоймаларына немесе кәріз құбырларына алдын ала өңдеусіз ағызуға тыйым салынады. Мұндай тыйым Ресейде, мысалы, «Этил спиртін, алкогольді және құрамында алкоголь бар өнімдерді өндіруді және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заңымен реттелген екен. Басқа елдерде де балама нормалар бар.
Қазіргі уақытта әлемдегі спирт зауыттарының көпшілігі негізінен қалдықты жем өңдеуге пайдаланады. Мәселен, Ресейдің «Комсомольская правда» газетінде Иткуль деген елді мекенінде спирт зауытының ауылшаруашылық жануарлары мен құстарына арналған жем өндіретіні туралы хабарландыру берілген.
«Біз ауылшаруашылық жануарлары мен құстарға арналған жоғары сапалы жемшөп қоспасын ұсынамыз», – делінген хабарламада. – Ежелгі технология бойынша өндірілген ректификатталған этил спиртін алу процесінде алынатын экологиялық таза, табиғи өнім. Оны өндірудің шикізаты тек жоғары сапалы бидай болып табылады». Өнім жануарлар өнімділігі мен құстың жұмыртқа өндірісін арттырады екен.
Жалпы, спирт өндірісінен шығатын барданы қалай жем-шөпке айналдыруға болатыны жайлы ғаламторда мәлімет аз емес. Тіпті, қандай қондырғы қажеттігі, қанша шығын керектігіне (өте төменгі мөлшерде – авт.) дейін егжей-тегжейлі жазылған.
Бір ескерерлігі – бұл процестер барысында экологиялық мәселелер де шешімін табады. Қандыағаштағы спирт өндірісі бойынша да тұрғындар, негізінен иіске қатысты шағым айтады емес пе?!
Ақтөбе облысы. фото Данияр Сағидолла, инфографика Нұрмұхан Қонысбаев.
Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді.
Инстаграм. Фейсбук.