Жыл басынан бері Қазақстанда 13 еңбек ереуілі өтті. Бұл туралы LS-ке еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінде хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, ереуілдердің негізгі үлесі мұнай секторының қосалқы мердігерлік ұйымдары мен сервистік компанияларға тиесілі. Олардың басым бөлігі Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында орналасқан. 13 ереуіл өткен бұл кәсіпорындарда 1 мыңға дейін жұмысшы еңбек етеді. Оның ішінде: West Oil Software (558 қызметкер), "Мұнайспецснабкомпани"(500 қызметкер), KMG-Security Ақтау филиалы (1,1 мың қызметкер), "Кезби" (1,1 мың қызметкер), Testcom Caspian (110 қызметкер), Verity Group (154 қызметкер), "Мобил Сервис Групп" (703 қызметкер), "Зевс Энерго" (93 қызметкер), FTC Win (511 қызметкер), "Petro Мұнай-газ сервисі" (360 қызметкер), "М-Техсервис" (240 қызметкер). Екі кәсіпорында екі еңбек қақтығысы болды.
Өткен жылдың осы кезеңінде 17 наразылық тіркелді.
Негізінен ереуілге шыққан қызметкерлер жыл сайынғы инфляцияға байланысты жалақыны көтеруді, "Қазмұнайгаздың" еншілес құрылымдарын штатқа ауыстыруды, жұмыс қорытындысы бойынша сыйлықақы төлеуді, еңбек жағдайларын жақсартуды, ҚМГ мен мердігерлік ұйымдарда еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін енгізуді талап етті. Олар сондай-ақ, келісімшарттардың аяқталуына байланысты босату тәуекелдеріне алаңдаушылық білдірді.
Еңбек министрлігінде ереуілдердің алдын алу үшін кәсіпорындардағы жағдайды жүйелі түрде бақылауда ұстайды. Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың, кәсіподақтар мен жұмыс берушілердің еңбек жанжалдарын шешу және болдырмау жөніндегі іс-қимылдарының алгоритмі айқындалды. Оның ішінде еңбек ұжымдарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс берушілер ереуілдерді заңсыз деп тану бойынша сотқа талап-арыздар жібереді.
"Еңбек жанжалдарының туындау ықтималдығы жоғары өңірлерде облыс әкімдерінің төрағалығымен еңбек қатынастары саласындағы проблемалық мәселелерді шешу бойынша ведомствоаралық штабтар жұмысын жалғастыруда. Маңғыстау өңірінде әлеуметтік жағдайды талдап бағалайтын ҚМГ өкілдігі ашылды", — деп толықтырды комитетте.
Сондай-ақ, осы мәселелер талқыланатын әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссия жұмыс істейді.
Бұған дейін, LS редакциясы Қазақстанда мұнай-газ саласының қызметкерлері жиі ереуілге шығатынын хабарлаған болатын.