"Болашақ" бағдарламасының қазақстандық қатысушылары білім алу үшін АҚШ пен Еуропа елдеріне аттануда. Бұл туралы LS-ке Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті хабарлады.
Ведомство таратқан мәліметке сәйкес, 3 наурыз бен 16 мамыр аралығында "академиялық оқуға өздігінен түскен "үміткерлерден 675 өтініш қабылданған. Оның 655-і магистратураға, 20-сы докторантураға бағытталған.
Стипендия иегерлерінің басым бөлігі әлеуметтік ғылымдарды (231), инженерлік-техникалық саланы (211) және білім беру бағыттарын (163) таңдаған. Бұған қоса, 43 адам медицина, 20 адам жаратылыстану ғылымдары, ал жеті адам креативті индустрия саласында білім алмақ.
Стипендиаттардың едәуір бөлігі – 425 адам немесе 62,96% – білім алу үшін АҚШ-ты таңдаған. Ұлыбританияда 234 қазақстандық (34,67%) өз білімін жалғастырады. Сонымен қатар, Австралияға жеті студент (1,04%) жол тартса, Нидерланд, Ресей және Чехияда әр елде екі адамнан (0,30%) оқиды. Ирландия, Франция және Швецияда бір-бір стипендиаттан (0,15%) білім алады.
Осы орайда, ел ішінде де еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша мемлекеттік білім гранттары бөлініп отыр.
Мемлекеттік білім беру гранттарының 60%-ы инженерлік және ауыл шаруашылығы салаларындағы мамандарды даярлауға бөлінеді. 21% грант – болашақ мұғалімдерді оқытуға, ал қалған 19% – қызмет көрсету, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары мен бизнес бағыттарына жұмсалады. Биыл 79,9 мың қазақстандық студент мемлекеттік қолдауға ие болады деп жоспарлануда. Ал 2024 жылы 183,6 мың үміткердің ішінен 76,6 мыңы мемлекеттік тапсырыс арқылы оқуға түскен.
Сонымен қатар, биыл шетелдік студенттерді тарту көрсеткіші 4,5%-ды құрап отыр (өткен жылы бұл көрсеткіш 4,3% болған).
Бұған дейін, LS редакциясы балалардың білім алуына қаражат жинау жолдары туралы жазған болатын.